Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.
Сенаттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында парламенттік байланыстарды дамыту тұрғысынан Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Қазақстан Президенті Өзбекстан Сенатының Төрағасын шынайы құттықтап, оның Астанаға сапары екі ел арасындағы стратегиялық қатынастардың ерекше сипатының айқын дәлелі екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Танзила Нарбаеваның екі ел арасындағы достық пен тату көршілік байланыстарды нығайтуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалаған.

– Сіздің сапарыңыз мемлекеттеріміз арасындағы достық қатынастарды нығайту тұрғысынан аса маңызды. Біз бауырлас Өзбекстанмен ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береміз. Бұл – Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды фактор.
Мемлекеттеріміз арасындағы байланыс қаншалықты тығыз әрі тиімді болса, бүкіл аймақтағы ахуал да соншалықты тыныш болады. Сіздің бұл сапарыңыз парламентаралық ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан өте маңызды қадам деп есептеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Танзила Нарбаева Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы қабылдауы үшін алғыс айтып, Президент Шавкат Мирзиёевтің сәлемін жеткізді.
– Мемлекет басшымыз сізге жылы сәлемін жолдап, жүргізіп жатқан істеріңізге үлкен табыс тіледі. Бірлесіп қол жеткізілген келісімдердің орындалуына біз, парламент мүшелері, әрдайым өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Сіздің сөзіңізге қосыла отырып, Өзбекстан үшін Қазақстан, Қазақстан үшін Өзбекстан – ең жақын әрі сенімді серіктес болып табылады, – деді Сенат Төрағасы.
Кездесуде сонымен қатар парламентаралық дипломатияны, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге де айрықша назар аударылды.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке шынайы ізгі тілектерін жолдады.