Өзбекстан Республикасының Олий Мажлис Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева Латвия Республикасының Жоғары аудит органы басшысы Эдгарс Кочагинспен кездес өткізді.
Кездесуде тараптар мемлекеттік аудит саласындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету, заманауи бақылау тәсілдерін енгізу және деректерге негізделген басқару жүйесін дамыту мәселелерін талқылады.
Онда Өзбекстан Есеп палатасы мен Латвияның Жоғары аудит органы арасында қол қойылған ынтымақтастық келісімінің нақты нәтижелер беріп келе жатқаны атап өтілді. Соның ішінде бірлескен оқу бағдарламалары, кәсіби шеберлікті арттыру тренингтері және тәжірибе алмасу жобаларының белсенділігі артқаны айтылды.
Сұхбат барысында екі елдің аудит органдары парламентпен тығыз байланыста жұмыс істейтіні, тұрақты есептер ұсынып, тиісті комитеттердің отырыстарына қатысатыны атап өтілді. Бұл тәжірибе мемлекеттік қаржының ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Эдгарс Кочагинс Латвияда қазіргі таңда негізгі басымдық тиімділік және сәйкестік аудиттеріне берілетінін айтты. Тұрақты басқару жүйесінің дамуы қаржылық аудиттердің қажеттілігін айтарлықтай азайтқан. Сонымен қатар, Латвияда мемлекеттік аудит ұсыныстарының бюджет процесінде белсенді қолданылатыны, жыл сайын кірістерді көбейтуге немесе шығындарды қысқартуға ықпал ететін ұсынымдар негізінде арнайы есеп дайындалатыны және бұл құжат үкімет пен парламент шешімдерінде маңызды құралға айналғаны мәлімделді.
Латвия тарапы Өзбекстанда стратегиялық жоспарлау, мониторинг және нәтижелерді бағалау жүйелерін жетілдіруге бағытталған реформаларды жоғары бағалады. «Data-based governance» – деректерге негізделген басқару қағидаттарына көшу мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудағы маңызды қадам екені атап өтілді.
Кездесу соңында мемлекеттік бағдарламалардың орындалу нәтижелерін талдау, ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру, тиімділік аудиттері, тәуекелдерді бағалау және ішкі аудит құрылымдарымен өзара іс-қимыл бойынша тәжірибе алмасу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.