English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
СЕН МАҒАН СЕНЕСІҢ ҒОЙ, СӘЛІМБАЙ?
12:51 / 2020-08-08

ФЕЛЬЕТОН

Самиг АБДУКОХХОР, өзбек жазушысы

СЕН МАҒАН СЕНЕСІҢ ҒОЙ, СӘЛІМБАЙ?

... Тура бір ай бұрын мен өз еркіммен жұмыстан кеттім. Кеңседегі орындыққа жабысып, тек шалбар тоздыратын, пайдасы жоқ қызметімнен кетіп, үлкен өмірге қадам жасадым. Содан бері жүрмін, сандалып... жұмыссыз.

Өзі неден басталып еді... Сіз бал арасының ұясын көріп пе едіңіз, әсіресе барлық аралар жиналған сәтті. Көрдіңіз? Өте тамаша. Онда сізге біздің трест қызметкерлерінің бүгінгі шыққан қабырға газеті алдындағы шуылдағанын көз алдыңызға елестету қиын емес. Соның бәрі - менің «Басшылық қайда қарап жүр?» атты кішкентай ғана фельетоныма бола. Атын да өзім қойдым, керемет емес пе?

Баспасөз бетінде алғаш көрінуім және бірден осындай атаққа ие болу! Шындығын айтсақ, біздің қабырға газетінде соңғы бесжылдықта мұндай сын мақала шықпаған еді. Бірақ менің мақаламның осындай қызығушылық тудыруының басты себебі - сатиралық нысананың дәл таңдалғанында еді. Сатирамның өткір жебесі фундаментальды мәселенің біріне бағытталған еді: біздің трестке тиеселі балабақшада жеміс ағаштарының отырғызылуы дұрыс жүргізілмеген: алмұртқа қарағанда алманың ұзақ сақталатының біле тұра, алма ағаштары алмұртқа қарағанда аз отырғызылған. «Мұндай бассыздыққа қашанғы шыдаймыз?» - осы сияқты сарында. Қысқасы, оның бәрін тізе берсем, фельетонымды толығымен айтып беруім қажет. Бір сөзбен айтқанда, мен барлық келеңсіздіктерді көрсетіп, қатырып тұрып сойыпсал фельетон жаздым. Менің сатирамның оғына іліккендердің ұялғандарынан екі беттері әлі қызарып жүрген болар...

Бүгінгі қабырға газетінің жарыққа шыққанын есептемесек, біздің трестегі жұмыс күні әдеттегідей өтіп жатқан: шылым шегетіндер асықпай шылымдарын шегуде; барлық бөлімшелерде шәй қайнап, дайын тұр; әйелдер өздерін ретке келтіруде; шахматшылар қарап отырғанша деп блицтурнир ұйымдастырып жіберді, қысқасы әркім өз қызығушылықтары бойынша жұмыстарын атқарып жатты.

Кенет мені жоғары жаққа, бірінші басшының өзіне шақырып жатыр деген суыт хабар жетті...

... Кең кабинетте бірінші басшы (біз оны сыртынан «жүз түрлі күлкісі бар адам» дейтінбіз) және оның орынбасары отыр екен.

- Құттықтаймын, Сәлімбай, шын көңілден құттықтаймын, - деді бірінші басшы. - Оқыдым. Фельетоныңды айтам. Ой, бір әбден күлгенім ай, шегім қатқанша. Қалай еді сенде: «алма жемісі алмұрт ағашынан алыс түспейді»... Керемет! Сенің талантыңа қызығып та қызғанып та тұрмын!

Басшының жүзінде оның күлкілерінің ішіндегі ең бір керемет күлкісі тұрды (трестегі халық фольклоры бұл күлкісін №1-ші модель: «Біздің қанымыз бір - сен және мен» деп атап кеткен).

- Жастарға әрдайым жол ашық! - деді, мақалдап-мәтелдеп, афоризмдермен сөйлегенді ұнататын орынбасары бастықты қолдап.

- Алма, алмұрт мәселесімен арнайы комиссия айналысады, - деп, жалғастырды өз ойын бірінші басшы. Бұл кезде күлкісі де өзгеріп кетті (№8-ші модель: «Екеуміздің арамызда қалсын»). - Біз бәрін дұрыстаймыз, тәртіпке келтіреміз, құрметті Сәлімбай! Ал енді сені неге шақырғанымызды сезіп отырған боларсың?

- Жеті рет ойлан, бір рет айт! - деп орынбасар көзін қысып қойды.

Менің бас инженерге СМУ-4 бойынша орын алған көзбояушылықтар туралы айтқаным үшін шығар деп ойладым? Төрт сағат жұмыс істейді де, толық сегіз сағат еңбек күнін толтырады. Мүмкін, тағы да қызық бір жағдайды анықтағаным үшін шақырған болар. 13-ші нысандағы сметалық құжаттар бір жылға кешігіп жатыр, ал есеп беру кезінде бәрі керемет деп баяндалады. Және тағы басқа менің болашақ фельетондарыма тақырып болатын бес фактілер туралы ойладым. Бірақ оларды айтпадым. Әзірше аузыма ие бола тұрайын деп, үндемей, «білмедім» дегендей тек екі иығымды қиқаң еткіздім.

Осы кезде бастықтың жүзінде жұмбағы көп, артында қандай қауіп-қатері бар екені белгісіз күлкісі (№24-ші модель: «Шырындағы қорқау») пайда болып, маған бір әкелік сезімі оянғандай:

- Сенің бойыңда, Сәлімбай, фельетоншының таланты бар. Сен маған сенесің ғой? Сондықтан біз сенің шығармашылығыңа жағдай жасауға міндеттіміз. Сен әрі қарай өсуге тиіссің, өзіңнің фельетоншылық дарыныңды толық пайдалануың керек.

- Жастарға бізде барлық жерде ақ жол! - орынбасар да қалыспады.

- Біз сені сол жолға саламыз! - деп бастық та іліп әкетті.

- Рахмет! - дедім мен көңілім босап.

- Яғни, келістік қой? - бастық мені құшақтай алды. Жүзінде мен бұрын көрмеген, сондықтан, түрі анықталмаған күлкі ойнады. - Яғни, сен шығармашылық жұмысқа ауысуыңа байланысты өз еркімен кету туралы өтініш жазасың?

- Мен?! Өз еркімен?! Не үшін?! - менің тіпті көзім қарауытып, басым айналып кетті. Орынбасар ұстап қалып, жұмсақ креслоға отырғызды.

- Таланттар қайдан шығады, қайда жоғалып кетеді, оны ешкім білмейді, - деп бастық, кетті дейсін шешіліп. - Және де, жастарды қолдау туралы жоғары жақтын шешімі бар. Біз сен сияқты талант иелерін қайдағы бір біздің трест сияқты мекеменің қабырғасы ішінде қамап қоя алмаймыз. Әрине, сенің жұмыстан кеткенің біз үшін оңайға түспейді. Бірақ не істей аламыз? Амал жоқ. Сені кез келген газет немесе журнал өздеріне таласып жұмысқа алады, сен маған сенесің ғой, Сәлімбай? Сен білсең ғой, қазір сын мақалаларға деген сұраныстың қандай екенін? Басын бос, аяққа оралатын бала-шаға жоқ... Сатираның шыңына қазір шықпағанда, қашан шығасың? Кез келген бас редактордың арманы ғой, өз газетінде бет-жүзіне, атақ-даңқына қарамай жазылған сын мақаланы жарыққа шығару?! Па, шіркін, алдында ұшан-теңіз мүмкіншілік тұр ғой! Анықта... сілкіле... бет-перделерін аш... әшкереле бәрін...

- Еңбекақың да кесімді болады. Қанша жазасың сонша аласың, - деп орынбасар қосып қойды.

- Ия, қаламақының астында қаласың, - деді бастық та келіскендей. - Мен саған қызығып отырмын, Сәлімбай! Егер менің фельетон жазатын өнерім болса ғой шіркін, бұл орнымда бір сәт болса да отырмас едім! Басшылықты шымшып алдың ба - ақша ала ғой, бастықтарды сынадың ба - қаламақы күтіп тұр, кемшіліктерді айтып сал да - жүгір кассаға! Қабырға газеті сенің теңің бе, қарағым?! Сен үлкен өмірге шық! Тек алға! Оның үстіне бізде жақында штат қысқарту жүреді. Сен бойдақсың, бала жоқ. Ал бала-шағалы, отбасылы, бірақ ешқандай талантқа ие емес, қолдарынан түк келмейтін қызметкерлерді мен қайда жіберем? Оларды қалай қысқартам? Мәселен, мен осы трестен кетсем не істей алам? Ештеңе! Мен директормын, болды. Қолымнан директорлықтан басқа түк келмейді. Ал сен талантсың. Біз талантты штат қысқарту бойынша жұмыстан шығара алмаймыз!

- Онда мені неге жұмыстан шығармақсыздар? - дедім түк түсінбей.
Бастық ақылды күлкісімен күліп (№49 модель: «Егер бәрің мен білетінді білсеңдер ғой»):

- Тек шыныңды айтшы, нағыз сыншы ретінде, әділеттікті жақтағыш ретінде: осы сенің жоспарлаушы-референт лауазымың біреуге керек пе?

- Жоқ, ешкімге керегі жоқ, - шынымды айттым. - Тіпті біздің бөлімнің біреуге керегі шамалы.

- Адалдық - таланттың іргетасы, - деп орынбасар нық сеніммен айтып салды. Әрдайым ойыңдағыңды жасырмай айт, сонда өмір сүру жеңіл болады!

- Сонымен, не істейміз, қарағым, Сәлімбай, - бастық менің жеңімнен ақырын тартып, - мен сенің еңбек кітапшаңа: «Дарын иесі штат қысқартуымен кетті» деп жазамын ба? Бұл сенің болашақ шығармашылық өмірбаяныңды бұзады емес пе? Жұрт та бізді дұрыс түсінбейді! Сен бәріне түсіндіріп жүрмейсің ғой, шынында жағдайдың қалай болғанын, сен маған сенесің ғой, Сәлімбай?

- Енді не істе дейсіз? - дедім шарасыздықтан.

- Несі қалай? - деп бастық менің түк түсінбегеніме таң қалып. Сені де сатирик, талант дейміз! Осы столдың басында «жұмыстан өз еркіммен кетемін» деген арызынды жазасын... Ал біз кейін елге «осы кабинетте атақты сатирик Сәлімбай өмірге жолдама алған, біз соның куәгері болғанбыз» деп мақтана айта жүреміз... Мына жерге үтір қой... Сен қызмет еткен бөлменің тұсына мемориал тақта ілеміз... Енді қолыңды қой...мына жерге... бұл жерде атақты Сәлімбай отырған деп... рахмет, бәрі дұрыс... Мен де бюрократ емеспін, көріп отырсың... Көп созбай бірден бұрыштама жазып жатырмын... бүгінгі күннен, әрине... Кәсіби шығармашылық қызметіңнің басталуымен құттықтаймын, айналайын...

Бұл тура бір ай бұрын орын алған жәйт. Менің бармаған редакциям қалмады. Барлығының айтатыны бір сөз: әрине сіздің бойыңызда фельетоншылық қабілеттің іздері бар, бірақ әлі толық ашылмаған... Бірауыздан «шығармашылық жұмысқа шығып кетпей, әзірше өз мамандығыңыз бойынша жұмыс тауып алыңыз» деп ақылдарын айтады. Ертеңді-кеш қолым бос болатын бұрыңғы жұмысымдай жұмысты мен енді қайдан табамын? Айтқандай, біздің тресте ешқандай штат қысқарту болмады. Енді не істеймін? Біздің бастықтың мені фельетоншы ретінде мақтағаны өтірік болды ма сонда? Шынымен де басшылық титтей сынға да шыдамайтын болғаны ма? Мүмкін емес! Шындық деп шырылдаған, адал жандар бар әлі өмірде! Ал менің басымнан өткенді, жағдайдың сол кезде солай жаман тоғысуы деп қабылдаған дұрыс. Директорымыздың «Сен маған сенесің ғой, Сәлімбай?» деген жан тебірентер сөзі әлі құлағымда тұр. Әрине сенемін Сізге, басеке-е! Қой, сол кісіге қайта барайын, мүмкін кері жұмысқа алып қалар? Ия, енді ешқашан фельетон жазбаймын деп сөз беруге дайынмын!

Өзбек тілінен аударған, Рашид БЕЙБІТҰЛЫ