Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы өкілдерінің қатысуымен Президенттік сайлаудың алдын ала қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында өңірлердегі сайлау процесінің қауіпсіздігі, заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шаралар, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарында ұйымдастырылған сайлау учаскелері туралы сөз болды.
Айта кетерлігі, биылғы жылы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сүйене отырып, өткен сайлаулардан айырмашылығы бұл сайлауға алғаш рет бас бостандығынан айыру орындарында ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан сотталғандар да қатысты.
Жауаптылардың айтуынша, қамаудағы және тергеу изоляторындағы 33 753 адам сайлауда дауыс беруге құқылы. Олардың заңды құқығын қамтамасыз ету мақсатында Орталық сайлау комиссиясымен келісім бойынша бас бостандығынан айыру орындарында барлығы 48 сайлау учаскесі құрылды. Әрбір сотталғанның сайлауға қатысу құқығы толық қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде кандидаттардың өкілдері мен бас бостандығынан айыру орындарында қамауда отырған сотталғандардың қатысуымен барлығы 272 іс-шара ұйымдастырылды.