Сауытбек Абдрахманов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты: «ӨзА»-ның қазақша хабар таратуы жанды жадыратар жақсы жаңалық
Ел басшысының алғашқы мемлекеттік сапарларының бірі туысқан Өзбекстанға жасалуы да әбден көкейге қонымды.
Егемендіктің елең-алаңынан-ақ жас мемлекеттің сыртқы саясатын салиқалы сипатта қалыптастыруға ерекше еңбек еткен, әлемдік деңгейдегі дара дипломат ретінде мойындалып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары биігіне дейін көтерілген Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройлы орнын одан әрі орнықтыра түсетіндігі талассыз. Солай болатындығын, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен айқындалған сыртқы саясаттың сабақтастығы сақталатындығын Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағыттағы бастапқы қадамдары да қуаттап отыр.
Ел басшысының алғашқы мемлекеттік сапарларының бірі туысқан Өзбекстанға жасалуы да әбден көкейге қонымды. Дін бірлігі, тіл бірлігі, діл бірлігі қазақ пен өзбек халықтарын тарих төрінде тоғыстырды, сан ғасырлық ортақ өмір, жүздеген жылдарғы тату көршілестік тағдырларымызды табыстырды. Орталық Азиядағы ең ірі екі мемлекеттің өзара ықпалдастығының әлеуеті ересен, оның мүмкіндіктері әлі де толық пайдаланылып отырған жоқ. Бұл бағытта соңғы жылдарда қолға алынған жүйелі жұмыс, мемлекетаралық байланыстардағы ашықтық, экономикалық қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілуі, адамдардың барыс-келісінің көбеюі бәрімізді де қуантады. Осы орайда өткен жылдың Қазақстандағы Өзбекстан жылы, биылғы жылдың Өзбекстандағы Қазақстан жылы болып жариялануы ағайынды халықтарды бұрынғыдан да жақындата түсуге септесетіндігі сөзсіз.
Ал енді Өзбекстанның мемлекеттік ақпараттық агенттігінде қазақ тілінде де хабар таратуға мүмкіндік туатындығы – жан жадыратар жақсы жаңалық. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің келіссөздері елдер арасындағы стратегиялық серіктестікті, тату көршілікті, өзара тиімді ықпалдастықты жаңа сатыға көтереді деп сенім білдіреміз.
«Kazinform»