Төрт салмақ дәрежесінде әлем чемпионы және қазіргі уақыттағы ең көп табысқа қол жеткізген боксшылардың бірі Сауль «Канело» Альварес еркін агент болды. Ұзақ созылған келіссөздерден кейін Альварес пен «Golden Boy Promotions» арадағы серіктестікті тоқтату туралы келісімге келді. Мұны мексикалықтың менеджері және жаттықтырушысы Эдди Рейносо растады.
Қыркүйек айының басында Канело АҚШ федералды сотына DAZN және Golden Boy келісімшарт талаптарын орындамады деп айыптап, олардан 280 миллион долларлық шығынды өндіруді талап етіп, сот ісін бастаған. Нәтижесінде, тараптар 2018 жылы жасалған боксшы мен DAZN арасындағы 356 миллион АҚШ доллары сомасындағы он бір жекпе-жектің келісімшартын бұзу туралы келісімге келді.
«Мен Сауль «Канело» Альварестің менеджері және жаттықтырушысы ретінде бокс қоғамдастығына және жанкүйерлерімізге бүгін 6 қарашадан бастап «Канело» еркін агент екенін және біз оның бокс мансабын жалғастыруға дайын екенімізді жеткізгім келеді. Осы уақыт ішінде біз керемет формада болу және биыл рингке шығуға дайын болу үшін жаттығуды тоқтатқан жоқпыз, тоқтатпаймыз да! Жақын арада біз келесі жекпе-жекке шығатын қарсыластың күнін, орнын және есімін жариялаймыз және Мексика боксының әлемдегі ең жақсы екенін көрсету үшін одан да күшті боламыз», деген Рейносо.