Сауд Арабиясы 2023 жылғы қажылық маусымы үшін ковид шектеулерін алып тастайды
Сауд Арабиясы 2023 жылғы қажылық маусымда пандемияға байланысты қойылған шектеулерді жоймақ.
Al Arabia порталының хабарлауынша, Сауд Арабия Қажылық министрлігі COVID-19 індетіне байланысты 2023 жылғы қажылықты ұйымдастыруға қойылған шектеулерді алып тастайды.
«Қажылыққа барушылардың саны коронавирустық пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралады, жас шектеулері болмайды», - деген министрлік басшысы Тавфик әл-Робиа.
Пандемияға дейін 2019 жылы 2,6 миллионға жуық адам қажылық парызын өтеген. Алайда 2020 және 2021 жылдары пандемия кезінде енгізілген шектеулерге байланысты қажылар саны азайды. 2022 жылы 1 миллион адамға қажылыққа баруға рұқсат берілген.
2022 жылы 18 бен 65 жас аралығындағы, толық екпе алған немесе коронавирусқа қарсы иммунитеті бар, созылмалы ауруы жоқ адамдар ғана қажылық парызын өтей алды. Қазір бұл шектеулер жойылуда.