«Лацио» клубын басқаратын 62 жастағы итальяндық маман Маурицио Сарри футболдың спорт әлеміндегі өзіндік құндылығынан айырылып, көп ақша істейтін шоуға айналғаны жайлы айтты.
Sky Sport Italia басылымында, Маурицио Сарри А Сериядағы кездесулер алдынан клубтағы ойыншылардың матчтарға дайындығына көңілі толмайтынын жеткізді.
«Біз шектеулі ойыншылармен екі апта жұмыс жасадық. Команданың жағдайын нақты бағалау өте қиын. Өкінішке орай, қазіргі заманауи футбол осындай болып кетті. Мүмкін ойын енді маған тиесілі емес шығар, себебі мен бар болғаны жаттықтырушымын.
Біз ай сайын 19 күнде жеті матч өткіземіз. Ойыншылар «Лациодағы» ойындарға қарағанда ұлттық құрамадағы кездесулерге жиі дайындалады. Біздің кездесулер алдында 4-5 күн жаттығуға мүмкіндігіміз жоқ. Бұл енді спорт емес, олар көп ақша табуға тырысатын шоу десек дұрыс шығар. Мен жасы үлкен азаматпын, бәлкім сондықтанда футболдың басқа түріне үйреніп қалғанмын», - дейді Сарри.
Расында қазіргі футболда турнирлердің көптігіне байланысты футболшылардың демалысы азайып, оған қалса жарақат алулары көбейіп барады. Осыған байланысты жақында ғана «Ұлттар Лигасы» турнирінен кейін «Белгия» құрамасының қақпашысы Тибо Куртуа өз пікірін былай жеткізген болатын: «ФИФА және УЕФА Суперлига турниріне қарсы шықты, бірақ өздері де дәл осы жолда. Өйткені «Конференциялар» лигасы турнирін қосты. Жалпы айтқанда олар футболшылардың тынымсыз ойнауы үшін турнирлер санын көбейтуде. Бұл футболшылардың мүддесін қорғау үшін емес, өз қалталарын қампайту үшін жасалып жатқан жағдай. Футболшылар робот емес. Кездесулер саны күн өткен сайын көбейіп келеді, ал демалыс жайлы айтпаса да болады. Бірақ бұл жаййлы ешкім ойлап отырған жоқ» деген Куртуа.