Сұрхандария облысында орналасқан «Сариосиё» өңірлік әуежайының қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, әуежай «SilkAvia» әуекомпаниясына тиесілі ATR-72-600 ұшағын сәтті қабылдады.
«Uzbekistan Airports» компаниясының мәліметінше, өңірлік әуежайда жасанды жабындарды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Атап айтқанда, ұзындығы 1550 метрлік ұшу-қону жолағы мен бағыттау жолақтары, сондай-ақ екі ATR-72-600 ұшағы бір мезетте тұрақтай алатын перрон екі қабатты асфальтбетонмен төселген.
«Ұшу-қону жолағы 1976 жылдан бері пайдаланылып келе жатқандықтан, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ATR-72 үлгісіндегі, сондай-ақ одан кіші санаттағы әуе кемелерін қабылдау үшін «Сариосиё» әуежайының аэродром кешенін күрделі жөндеуден өткізу қажеттілігі туындаған еді. Техникалық рейс сәтті орындалды, бұл әуежайдың ұшақтарды қабылдауға толық дайын екенін көрсетті», – делінген компанияның баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар, әуежай аумағында 100 жолаушыға дейін қызмет көрсете алатын жаңа жолаушылар терминалының құрылысы да аяқталуға жақын. Барлық жұмыстар аяқталған соң, алдағы бір ай ішінде «Сариосиё» әуежайында тұрақты рейстерді іске қосу жоспарланған.
Айта кетейік, «Сариосиё» соңғы жылдары қызметі қайта жанданған бесінші өңірлік әуежай. Бұған дейін Мойнақ, Қоқан, Шахрисабз және Зомин әуежайлары қайта жаңартылып, пайдалануға берілген болатын.