Өзбекстан Республикасының Министрлер Кабинеті 2023 жылдың 16-20 қазаны аралығында Самарқанд қаласында БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы – ЮНВТО Бас Ассамблеясының 25-ші сессиясын жоғары деңгейде өткізу туралы шешім қабылдады.
Құжатта аталған конференцияны Самарқанд қаласында жоғары деңгейде ұйымдастыру, сондай-ақ, Шахрисабз қаласының «2024 жылы Экономикалық ынтымақтастық ұйымының туристік астанасы» мәртебесін алу шаралары туралы шешімде іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге қажетті шаралар нақтыланған.

Атап айтқанда, Бас ассамблея аясында Өзбекстанға келген шетелдік қонақтар үшін Самарқанд туралы жалпы мағлұмат беретін арнайы қолданба жасау жоспарланған. Сонымен қатар, қаулыда «Silk Road Samarkand» халықаралық туристік орталығы мен мәдени мұра нысандары, туризм, экотуризм инфрақұрылымы және халықтың өмірін бейнелейтін фото және бейне материалдар, «Самарқанд – Жаңа Өзбекстанның туризм қақпасы» және басқа тақырыптарда жарнамалық материалдарды дайындау және кеңінен тарату көзделген.
Сессияда Өзбекстанның көне қалаларының бірі – Шахрисабз қаласы «2024 жылғы Экономикалық ынтымақтастық ұйымының туристік астанасы» мәртебесіне үміткер ретінде таныстырылады.
Өзбекстан 2021 жылы Мадридте өткен ұйымның 24-сессиясында UNWTO Бас Ассамблеясының 25-ші мерейтойлық сессиясын өткізу құқығын жеңіп алған еді.