18 қазан – Самарқандта қала күні. Осы мерейлі датаға байланысты қалада салтанатты шара ұйымдастырылды.
Мерекеге орай облыс әкімі Е.Турдимов бастаған облыс және қала әкімдіктерінің өкілдері, қалың жұртшылық Әмір Темір кесенесіне зиярат етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Биылғы мерекелік шараларда Самарқандтың шетелдік бауырлас қалалары атанған Бурса (Түркия), Куала-Лумпур (Малайзия), Бобруйск (Беларусь), Нара (Жапония), Түркістан (Қазақстан), Панджикент (Тәжікстан) қалаларынан қонақтар қатысты.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне байланысты қалада ауқымды құрылыс, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жылына екі миллион туристке қызмет көрсете алатын «Ұлы Жібек жолы» халықаралық туристік орталығы пайдалануға берілді. Жиырмадан астам жаңа қонақүйлер ашылды. Қаланың орталық көшелерінде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, осы көшелер бойындағы тұрғын үйлер мен басқа да нысандар ұлттық және заманауи сәулет элементтері үйлесімінде қайта бой көтерді.
Самарқанд халықаралық әуежайының заманауи жаңа терминалы, жаңа эстакада мен көпірлер, жолдар және басқа да инфрақұрылымдық нысандар салынды.
[gallery-9167]
Қала күніне орай өткен салтанатты шарада Самарқанд қаласының әкімі Ф.Умаров өз сөзінде «Ұлттық егемендігіміз тарихында маңызды орынға ие Самарқандта мұндай ауқымды халықаралық шараның алғаш рет жоғары деңгейде өтуі тұрғындарымыздың мақтаныш сезімін оятуда», - деді.
Білім беру ұйымдарында қала күніне арналған жарыстар мен спорттық сайыстар өтіп, «Мармар диқан базарында» арзандатылған ауыл шаруашылығы және азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Мерекеге байланысты Самарқандта жаңа қонақ үйлер, IT-парк және бірқатар өндіріс орындары жұмыс істей бастады. Іс-шаралар соңында «Ғажайып» амфитеатрында үлкен концерттік бағдарлама өтті.
Ғ.Хасанов, ӨзА