23–25 маусым аралығында Самарқан қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызмет форумы өтеді. Бұл — Өзбекстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған, жаһандық маңызға ие ауқымды жиын.
Ресми мәліметке сәйкес, форум «2030 жылға дейінгі бес жыл: Тұрақты болашақ үшін мемлекеттік қызмет көрсетуді жеделдету» тақырыбында өтеді. Іс-шараға министрлер, жоғары лауазымды үкімет өкілдері мен азаматтық қоғам көшбасшылары қатысып, мемлекеттік қызметтің келешегі жөнінде пікір алмасады.
Форум 23 маусым — БҰҰ Мемлекеттік қызметі күніне орай ресми түрде ашылады. Ол мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған жоғары деңгейдегі келіссөздерге, инновациялық шешімдерге және стратегиялық әріптестікке арналған ашық алаң болады.
Бұл форум Өзбекстанның халықаралық бастамалар мен реформалар жолындағы беделін одан әрі нығайтып, елдің мемлекеттік басқару саласындағы жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік береді.