Өзбекстан Президентінің (ПҚ–243-санды) қаулысына сәйкес, Самарқанд облысының «Нуробод» ауданында жаңа арнайы өнеркәсіп аймағы – «Нуробод технопаркі» құрылатын болды.
Құжатта 2025–2030 жылдар аралығында жүзеге асырылатын негізгі бағыттар айқындалған. Атап айтқанда:
- Жоғары технологияларға негізделген, сапалы және заманауи өнеркәсіп өнімдерін өндіруге арналған жобалар арқылы 1,1 миллиард АҚШ долларына дейін тікелей шетелдік инвестиция тарту;
- Заманауи өндіріс инфрақұрылымын құру арқылы 5 100 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.
Жоба аясында «Нуробод» ауданының Сазаған аумағындағы пайдаланылмай жатқан 115,3 гектар жер телімі «Ургут» еркін экономикалық аймағы құрамынан шығарылып, дәл осы аумақта «Нуробод технопаркі» арнайы өнеркәсіп аймағы ұйымдастырылады.
Аймақты тиімді басқару үшін «New Vision Investment Development» атты шетелдік жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылған.
Сонымен қатар, жаңа аймақтағы өндірістік ғимараттар 3–4 қабатты етіп салынатыны және заманауи құрылыс стандарттары бойынша жобаланатыны атап өтілген.
Бұл бастама өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға, өндірістік әлеуетті арттыруға және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.