Өзбекстанның ежелгі мәдениет ошағы – Самарқанд пен Қазақстанның рухани астанасы – Түркістан арасын енді әуе көпірі жалғайды.
Бұл тарихи әрі стратегиялық маңызы зор қадам туралы келісім Самарқанд облысы әкімінің орынбасары Р.Қобилов пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары З.Жолдасовтың қатысуымен өткен онлайн кездесу барысында бекітілді.

Кездесу аясында тараптар сауда-саттық, әлеуметтік-экономикалық және туризм салаларындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру жолдарын кеңінен талқылады. Осыған орай, Қазақстан әуе компаниясы 2025 жылғы 1 мамырдан бастап Самарқанд пен Түркістан арасында тұрақты тікелей рейстерді іске қосатын болды.
Бұл бағыт – жай ғана транспорттық жаңалық емес. Ол – екі бауырлас халықтың арасындағы тарихи, мәдени және экономикалық байланысты одан әрі бекемдейтін алтын көпір. Әуе қатынасының ашылуы қос қаланың туристік әлеуетін арттырып, өркендеу мен өзара ықпалдастықтың жаңа көкжиегін ашады.
Тарихтың терең қойнауынан тамыр тартқан Самарқанд пен Түркістан арасы әуе бағытымен байланысып, түркі әлемін бір арнаға тоғыстырмақ.