Сальвадор соты «Mara Salvatrucha» (MS-13) қылмыстық тобының 248 мүшесіне үкім шығарды.
The Guardian хабарлауынша, олар көптеген қылмыстарға, соның ішінде 43 адам өлтіру және 42 адамның хабар-ошарсыз кетуі деректері бойынша айыпталған.
Қылмыскерлердің біріне 1335 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Тағы 10 адам 463 жылдан 958 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Істердің жеке-жеке немесе топтасып қаралғаны туралы нақты ақпарат берілмеген.
Ел президенті Найиб Букеле 2022 жылдың наурыз айында елде төтенше жағдай жариялап, қылмыстық топтарға қарсы күресті күшейтті. Полицияға күдіктілерді сот ордерінсіз қамауға алу құқығы берілді. Осы кезеңде 90 мыңнан астам адам ұсталып, олардың шамамен 8 мыңы кінәсіз деп танылып, босатылған.
Ресми деректерге сәйкес, «MS-13» және «Barrio» қылмыстық топтары кейінгі 30 жылда шамамен 200 мың адам өліміне қатысы бар. Оларға қарсы кең ауқымды күрес басталғанға дейін қылмыстық топтар ел аумағының шамамен 80 пайызын бақылауда ұстаған, ал Сальвадор кісі өлтіру деңгейі ең жоғары елдердің қатарында болған. Қылмыстық топтар күш қолдану арқылы кәсіпкерлерден ақша бопсалап, көптеген бизнес нысандарының жабылуына себеп болды. Мемлекеттік деңгейде басталған күрестен кейін елдегі кісі өлтіру саны тарихи ең төменгі деңгейге дейін азайды.
Айта кетейік, 1335 жыл тарихтағы ең ұзақ түрме жазасы емес. Тайландтық әйел Чамой Типясо алаяқтық үшін 2006 жылы 141078 жылға сотталып, Гиннестің рекордтар кітабына енген. Алайда 1980-жылдары қабылданған Тайланд заңдарына сәйкес, әйел адамның түрмеде 20 жылдан артық отыруына жол берілмеген. Типясо 8 жыл түрмеде отырғаннан кейін бостандыққа шыққан.