Хикая
Ғафур ҒҰЛАМ
Өзбекстанның халық ақыны (1903-1966 ж.ж.)
Анамыз он жетінші жылдың көктемінде қайтыс болды. Әкемізден одан ерте айырылғанбыз. Сөйтіп, Рахия-бибі әжемізден басқа ешкіміміз қалмады. Ол кісі бізді балапандарын қорғаған құстай қанатының астына алды. Есімде, үйде тәуір заттан қалған, әбден тозығы жеткен жалғыз кілемге бізді жатқызып, өзі шетіне жантаятын. Жасы сексеннен асып кеткен, кәріліктен белі бүгіліп, басы жерге тиердей болып жүрсе де тыным таппай, біздің жағдайымызды ойлап, күйбеңдеумен болатын. Бір ғана жаман әдеті - насыбай ататын еді.
Күздің салқын түндерінің бірінде, даладағы сәкі үстінде бір-бірімізге тығылып ұйықтап жатқанбыз. Дауыстан оянып кеттім. Аспанда жеті қарақшы жарқырап көрініп тұр. Дауыстар қора жақтан шығып жатты. Алдымен ер адамның жуан дауысы естілді, оған әжемнің мейірімді үні қосылды.
- Иә, сонымен ұры балам, не дейсің? Не істейміз? - деп жатыр әжеміз.
Ұры! Мәссаған!.. Демімді ішіме тартып, аулаға назар салдым. Аула кең еді және қаңыраған бос болатын. Біз жатқан сәкіге нағашы ағамыздың үйінің қабырғасы іргелес тұғын. Ағамыз үйінде жоқ еді - отбасымен қала сыртына шығып кеткен. Алғашында қорқып кеткенмен, әжеміздің ол ұрымен емін-еркін әңгімелесіп жатқанын естіп, мені енді тек қызығушылық баурап алды.
Шынымен де біздің үйге ұры түсіп жүр ме?! Ертең достарыма майын тамызып, артығымен қоса мақтанатын болдым. Әй, бірақ, сене қоймас олар... Өйткені, біздің үйде ұрлайтын ештеңе жоқ қой... Ұры да қызық...
Ол ұры негізі біздің үйге байқамай түскен сыңайлы. Шатырдан шатырға өтіп жүріп, ағамыздың үйінің шатырына шығып, біздің тұсқа келгенде түшкіріп жіберген ғой. Әжеміз болса, бұл кезде ұйқысы қашып, тілінің астына насыбайын салып қойып, терең ойға шомып жатқан. Дауыстан селк ете қалып, насыбайын сылп еткізіп жерге тастап, жоғары қарайды.
- Әй, ұры бала, ұры бала. Түсінемін, сені бұндайға итермелеген жоқшылық екенін. Әрине, әркім өз нанын өзінше табады, саған ақыл айтып нем бар. Бірақ, ана тұмауың кеткенше қоя тұрмадың ба мына кәсібіңді. Ұрлық жасау оңай дейсің бе, мына түріңмен қолға түсіп қаласың дегенім де... - деп әжеміз орнынан ақырын көтеріледі.
- Сіз де шешей, шырт ұйқыда жататын адамсыз ғой. Болмаса өзіңіз айтқандай, жағдайымды түсінсеңіз, ұйықтамасаңыз да үндемей тыныш жатпайсыз ба?
Мен дәл осы сәтте оянып кеткенмін ау. Ары қарай әжеміз бен ұрының арасында болған диалогты сөзбе-сөз айтып берейін.
- Қайдағы ұйқы ұры балам-ау? Мына басымызға түскен қиын-қыстау заманда тыныш қалай ұйықтайын?! Міне, алты айдың жүзі болды күндіз де, түнде де ұйқы жоқ. Қалың ой жетегіндемін...
- Ол неғылған ой, апатай түні бойы маза бермей жүрген? - дегенде ұрының жуан дауысы жұмсарғандай болды. Содан кейінгі дыбыстардан, оның шапанын шешіп, оны басына жастанып, жамбасқа қисая кеткенін түсіндім.
- Не ойлаушы ем? - деді әжем таңырқап. - Анау жатқан төрт жетімнің болашағын да... Олар болса әлі жас, өмірге қосылып кетуге ерте. Ал, мына заманның көші қайда барарын бір құдайдың өзі білер... Нағашыларының ертелі-кеш арба айдап тапқаны өз отбасынан артылмайды. Үйімізде көзге ілінетін дүние қалмады, бір үзім нан үшін бәрін саттық. "Еңбек еткен емеді, еңбексіз не өнеді?" бітті бәрі, сататын түкте қалмады. Ей, құдай-ау, бұлар ер жетіп, өз қолдары өз ауыздарына жеткенше мен бармын ба, жоқпын ба? Біздің хәлді сұрасаң осы, қалқам. Төрт жетімнің біреуі ғана ер бала, оның өзі он төрттен енді асты. Ал ана үш қыз қашан өз орындарын табады? Қазір әлі кішкентай, ал ертең бойжеткенде тұрмысқа беру керек. Олардың артынан апаратын жасауына қажетті қаржыны қайдан табамын, қалың мал беретін кісі дайын тұр дейсің бе?.. Қалай ойламайсың! Заман қиын, балам, қиын...
- Иә, ол солай ғой апатай, - деп ұры әңгіме бастады. - Менің де отбасымда екі балам, әйелім және өзіңіз сияқты кәрі анам бар. Бір тауықты бағудың өзі қиын, ал менің мойнымда төрт адамды асырау тұр. Бір үзім нан табу үшін мен бәріне дайынмын. Мен жұмыстан қашпаймын, бірақ азаптың зоры - жұмысы жоқтық екен. Ұрлық жасаған маған ұнайды дейсіз бе? Әкем бармағынан бал тамған шебер еді, оның ісін мен жалғастырдым. Дүние шыр айналды. Керенский[1] патша болғаннан соң соғыс тоқтайды, жағдайымыз оңалар деп үміттеніп едік, керісінше шығып, соғыс оты үдеп кетті. Билікте болған үстем тап сол орындарында отыр.
- Басқа жұмыстарды қарастырып көрмедің бе балам? - деді әжем.
- Қандай жұмыс? Жұмыс дейтін жұмыс қалмады ғой, апатай. Басымды тауға да, тасқа да соқтым. Ата кәсібім етікшілік те құрдымға кетті. Шикізаттың бағасы етік пен кебістің құнынан асып тұр. Тері, желім, шеге және басқа керек, ал оларды қайдан табасың? Саудагерлік те қолдан келмейді, оның үстіне қазір базарда алушы да жоқ қой. Түнеу күні ауылымыздың атақты етікшісі Бувамат ата етікшілік құралдарының барлығын екі пұт жүгері ұнына айырбастап жіберді. Дұрыс істеді. Оның тіккен етігін киетін адам қалды ма бұл күні өзбек, қазақ, қырғыз диқаншыларының арасында? Қалмады. Тек олардың артында қалған жетімектері көшелерде тентіреп қайыр тілеп жүр. Қаланың қай жерінде жүрсең де, "Аға, бір үзім нан беріңізші" деп жалбарына сұрап, қолын созған балалар. Өзімізге таппай жүргенде оларды қалай жарылқайсың. Мұндай жағдай тек менің ғана басымда емес, барлық қолөнер шеберлері қаңғып жүр. Ұстаханалар мен шеберханалар қаңырап бос тұр, оны айтасыз мектептегі ұстаздардың өздері аштық тауқыметін тартуда...
- Ей, құдайым-ау, соғысты неғып қана лағынет атпайды екен? Жаратқанның ақыр заманы осы болар, ұры балам... Жарайды, бұл жетімдердің де пешенесіне бір жазғаны бар шығар... Сен өзің не істеп жүрсің? Амалсыздықтан ала жіпті аттап жүрген боларсың... Бірақ қайда түсіп жүрсің ұрлыққа? Ақыры барған екенсің осы жаман жолға, онда байларды тонамайсың ба... Әне, ана жерде шыт сататын Кәрім деген тұрады, ар жағында мердігер Әділқожа мен ірі тері кәсібі бар Матякуб... Бұлардың байлығы деген шылқып жатыр. Бесіктегі баласына дейін алтыннан асталған ыдыстан тамақ ішеді. Солардың шатырын тессең ғой, байлыққа батып қалар ең!..
- Ой, апатай, аңғалсыз ау, - деп әжемнің сөзін бөлгенде, ұрының дауысы маған өте таныс болып кетті. - Байлардың үйіне түсіп өле алмай жүр дейсіз бе? Қабырғалары қалың, шатырлары темірден, ал аулаларында есектей-есектей иттерді жүгіртіп қойған. Ол бәлелер бөтен кісіні алыстан сезеді, түгіңді қалдырмайды... Әділқожаның үйінде қарулы күзетшісі бар. Қолына түссең, өлтірмесе де, соттатып, Сібірге жер аудартып жібереді. Итжеккенге баруға аса құштарлығым жоқ...
- Сөзіңнің жаны бар, ұры балам. Айтқаныңа қарасам әжептеуір азамат сияқтысың, абыройың айрандай төгілмесін. Сондықтан абай болшы, - деп әжеміздің тіпті ұрыға жаны аши бастады.
- Айтып отырғаныңыз рас апатай. Арғы күні Сасық Әріптің қорасынан төрт тауық пен бір қоразды жымқырып кеткен болатынмын.
- Тауық, қораз дейсің бе? Әй, ол бәле тауықтарың қыт-қыттап сені ұрлық үстінде әшкерелеп қоймады ма?
- Қалауын тапса, қар жанады екен апатай. Тауық ұрлауға шыққанда мен қалтама су құйылған бір шөлмек салып аламын. Қораның төбесіне келгенде суды аузыма толтырып алып, тауықтардың үстінен бүркіп кеп жіберемін!.. Ақымақ тауықтар жауын басталды екен деп, бастарын қанатының астына тығып алады. Ал мен оларды бір-бірлеп қабыма сүңгітемін.
- Солай де... О тоба, таппайтының жоқ ау. Әр өнердің өз сыры бар екен...
- Ой, апатай сырым ашылып қалуға сәл ақ қалды емес пе... Ұрлауын ұрладым ғой, бірақ Сасық Әріп сезіктенген бе Рахманқожа елубасыға барып арызданыпты. Ал, мен "қылмысымды жауып жіберіңіз" деп, қоразды Рахманқожаның өзіне ақырын апарып бердім. Істі жауып жіберді. Елубасымен жалпы арамыз жақсы. Былтыр қолға түскен ананы-мынаны сатып, сексен үш сом жинап "Тапқан-таянғанымыз осы басеке" деп пәре беріп едім, еңбек майданынан алып қалды.
- Бала-шағасының игілігін көрсін. Ал, ұры балам, енді мені тыңда. Таң атып қалды. Әне жарық жұлдыз да шықты! Сен ана тұт ағашымен төмен сырғып түс, отынымыз жоқ. Ас үй жақта баяғы бір замандарда баудан әкелінген жаңғақ ағашының діңгегі жатыр. Балтаны алып, соның шетінен азғана жаңқалап бер, құмғанды отқа қоямын. Кеше ана немерелерімнің нағашылары беріп кеткен екі шелпекті алып қойғанмын - бәріміз бірге шәй ішейік...
- Жоға, апатай, - деді ұры шыр-пыр болып. - Отынды жарып берейін, бірақ шәйді өздеріңіз ішіңіздер. Мен бірге іше алмаймын, өйткені таң атса сіздер мені танып қоясыздар ғой. Ұяттан мүлдем безген арсыз емеспін. Намыстанамын.
- Қуыс үйден құр шықпа балам, бір нәрсе ала кет. Тоқта, не алып кетсең болады екен?.. Иә, асхана жақта жарты пұттық қазан жатыр. Заман тынышта үйде кісі басы көп болатын, сол үлкен қазанға тамақ дайындалушы едік. Құдайдың қарғысына ұшырадық па, сол дүркіреген отбасынан қалғаны ана жатқан төрт жетімек қана. Бұларға қазан қажет болғанша не заман!.. Қазанды сен алып кет, ұры балам! Сатып, тиын-тебен етерсің...
- Жоқ, жоқ, алмаймын! Ниетіміз дұрыс болсын! Көзді ашып-жұмғанша бұл күндер де өте шығар. "Орнында бар оңалар" деген, ертең ақ немерелеріңіз ер жетіп, үлкен жанұя болады. Сонда бұл қазан қажет болады, тіпті аздық етер!.. Өздеріне бұйырсын. Тойларын көруге жазсын! Хош бол, апатай, таң атты...
- Хош бол, ұры балам! Бізді ұмытпай, келіп тұр.
- Жақсы апатай, ұмытпаймын...
Мен ол ұрының даусын кейін көшеде естідім. Оны танитын едім. Бірақ сол түнгі болған оқиға туралы ешкімге тіс жармадым.
[1] Александр Федорович Керенский - Ресейде 1917 жылдың ақпан айында болған революциядан кейін құрылған Уақытша үкіметтің басшысы. Қазан төңкерісінен кейін шет елге қашып кеткен.
Өзбек тілінен аударған Рашид БЕЙБІТҰЛЫ