Румыния үкіметі елдегі XIV ғасырда салынған қазіргі кезде туристік нысанға айналған Дракуланың сарайын коронавирусқа қарсы вакцинация орталығы етпек.
Ел мәдениет министрлігінің Facebook парақшасында Бран қамалындағы Дракуланың сарайы вакцинация орталығы болатынын және онда азаматтарға екпе тегін жасалатыны айтылған.
Жоспар бойынша вакцинация мамырдың әр жұма, сенбі және жексенбі күндері ұйымдастырылатын болып, азаматтарға Pfizer/BioNTech әзірлеген препарат егіледі.
Мамыр айының әр демалыс күндері кез-келген адам бұл жерге экскурсияға жазылусыз келіп, сыйлық ретінде ортағасырлық тарихи Дракуланың сарайын тегін аралайды. Бірақ адамдар қамалға вакцина алуға келіскен жағдайда ғана кіреалады.
Үкіметтің мақсаты - қыркүйекке дейін 10 миллион адамға вакцина егу. Бірақ румындықтардың жартысына жуығы вакцина алғысы келмейтінін айтады. Бұл Globesec социологтарының сауалнамасына сәйкес Еуропалықтардың вакциналарға деген сенімсіздіктің бір белгісі ретінде көрсетілген.
Бүгінге дейін Румынияда 3,6 миллион адамға вакцина егілген. Ол үшін Pfizer вакцинасынан басқа Moderna, AstraZeneca және Johnson & Johnson препараттары қолданылған.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметтері бойынша коронавирустық пандемия басталғаннан бері Румынияда коронавирус инфекциясының 1 миллион жағдайы анықталып, 28,9 мың адам өлімі тіркелген.