Өзбекстан ұлттық құрамасының капитаны әрі «Рома» клубының шабуылшысы Элдор Шомуродов Рим клубымен келісімшартын тағы бір жылға ұзартты.
Италия астанасының клубы өзбекстандық шабуылшымен серіктестікті жаңартылған талаптар негізінде бекітті. Жаңа келісім бойынша, шарттың мерзімі 2027 жылдың жазына дейін ұзартылды, бірақ ойыншының жалақысы бұрынғысынан төмен болады. Бұған дейін Элдор жылына 1,3 миллион еуро алса, енді бұл сома 1 миллион еуроны құрайды. Бұл қадам клубтың жалақы қорын қысқартуға және қаржылық қысымды азайтуға бағытталған.
Айта кетейік, Элдор Шомуродов 2020 жылдың қазанында Ресей Премьер-лигасының өкілі «Ростов» клубынан Италияның ең көне командаларының бірі – «Дженоа» сапына ауысқан болатын. Дебют маусымынан кейін ол «Рома» клубына шақыртылды.
Transfermarkt порталының мәліметіне сәйкес, Шомуродовтың «Ромаға» ауысуы клубқа 19,6 миллион еуроға түскен. Ол кейіннен «Специя» мен «Кальяри» командаларында да өнер көрсетті.
А Серия чемпионатында Элдор Шомуродов осы күнге дейін 122 ресми кездесуге қатысып, қарсылас қақпасына 18 гол соқты және 11 нәтижелі пас берді.