Италия құрамасының бұрынғы ойыншысы, «Алтын доп» иегері Роберто Баджо үйінде отбасымен бірге Еуропа чемпионатының матчын тамашалап жатқан кезде бес адамнан құралған қарулы топ басып кірді.
Corriere del Veneto газетінің хабарлауынша, шабуыл 20 маусым күні кешке Италия-Испания матчы кезінде болған.
Қарақшылар үйге кірген кезде Баджо олардың бірін тоқтатпақ болған, бірақ қылмыскер оның басынан тапаншамен ұрған. Осыдан кейін Баджо отбасымен бірге бөлмелердің біріне қамап тасталған.
Қарақшылар үйден бағалы сағаттар, зергерлік бұйымдар мен ақша алып кеткен. Шабуыл жасаушылар үйден шыққаннан кейін Баджо есікті бұзып, полиция шақырған.
Баджо жарақатына байланысты жергілікті ауруханаға жеткізіліп, маңдайына бірнеше тігіс жасалды. Отбасының қалған мүшелері зардап шеккен жоқ. Үйде Баджо, оның әйелі және үш баласы болған.
Полиция оқиғаға қатысты тергеуді бастады.
Роберто Баджо футболдағы мансабында көптеген клубтарда ойнаған. Олар қатарында «Фиорентина», «Ювентус» және «Милан». 1993 жылы ол «Алтын доп» иегері атанды. Баджо Италияның екі дүркін чемпионы, УЕФА кубогының және Италия кубогының жеңімпазы. Италия құрамасы сапында 56 ойын өткізіп, 27 гол соққан. Ұлттық құрама сапында 1990 жылғы әлем чемпионатының қола, 1994 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.