Рио-2016 Олимпиадасының жүлдегері 3 жылға дисквалификацияланды
Дзюдодан Өзбекстан ұлттық құрамасының мүшесі, Рио -2016 Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Диёрбек Урозбаевтан алынған допинг-тесттен тыйым салынған зат табылды. Нәтижеде ол спорттық жарыстардан 3 жылға шеттетілді.
Ұлттық допингке қарсы агенттік баспасөз қызметінің хабарлауынша, Диёрбек Урозбаев 2021 жылдың 6 мамырында маусымаралық кезеңде допингке қарсы тексеруден өткен.
Тест нәтижесіне орай спортшының Дүниежүзілік допингке қарсы кодекстің және Өзбекстанның ұлттық допингке қарсы ережелерінің 2.1-бабында көрсетілген допингке қарсы ережелерді бұзғаны, яғни тыйым салынған «Meldonium» затын тұтынғаны анықталды. Бұл препарат тыйым салынған заттар тізімі – «S4 Гормондар мен метаболикалық модуляторлар» класына жатады.
Осы жағдайға байланысты Диёрбек Урозбаев 3 жылға дисквалификацияланды. Дисквалификация 2021 жылдың 16 тамызынан 2024 жылдың 15 тамызына дейін жалғасады.