Ресейде Өзбекстанда өндірілген құрылыс материалдарының саудасын дамыту мақсатында арнайы шоурум құрылатын болды. Бұл туралы «Узсаноатқурилишматериаллари» қауымдастығы хабарлады.
Жуырда Мәскеуде қауымдастық төрағасы Илёс Рахимов пен Бүкілресейлік ұлттық құрылыс саясаты орталығының жетекшісі Александр Моор кездесті. Келіссөз барысында Өзбекстанда өндірілген құрылыс материалдарын ресейлік нарыққа ілгерілету үшін шоурум құру мәселесі және оны ұйымдастырудың нақты қадамдары талқыланды.
Тараптар бұл жоба екі ел арасындағы ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестікті нығайтып, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға сеп болатынын атап өтті. Сондай-ақ көлік және логистика саласындағы мүмкіндіктерге де ерекше назар аударылды.
Аталған бастама аясында Өзбекстанның жетекші өндірушілері өз өнімдерін ресейлік серіктестеріне тікелей таныстырып, сауда көлемін ұлғайтуға мүмкіндік алады. Бүкілресейлік ұлттық құрылыс саясаты орталығы бұл процеске ұйымдастырушылық, ақпараттық және сараптамалық қолдау көрсетпек.
Кездесу соңында тараптар құрылыс материалдарын өндіру технологияларын бірлесіп жетілдіру, Өзбекстан өнімін Ресей мен халықаралық нарыққа ілгерілету, мамандардың тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету, біліктілікті арттыру бағдарламаларын өткізу және бірлескен көрмелер мен таныстырылымдар ұйымдастыруға уағдаласты.