Ресейде алғашқы коронавирус вакцинасының экспорттық бағасы жарияланды
11 тамызда Ресей президенті Владимир Путин Ресей әлемде коронавирусқа қарсы алғашқы вакцинаны тіркеді деп мәлімдеді
Ресейде алғашқы коронавирус вакцинасының жасалғаны жөнінде президент Путин 11 тамызда жариялаған болса да, кейбір елдер мұны қазірге мойындай қойған жоқ.
Ресейде жасалған коронавирустық вакцина шетелге жеткізілгенде оның екі дозасы кем дегенде 10 доллар тұрады. Бұл туралы «R-Farm» директорлар кеңесінің төрағасы Алексей Репик мәлімдеген.
Оның айтуынша «Егер экспорт туралы айтатын болсақ, онда вакцинаның екі дозасының бағасы, кем дегенде 10 доллар болады. Қалай болғанда да, бірінші сериялар айтарлықтай қымбат болады. Вакцина өндірістің жеткілікті көлеміне жеткен кезде арзан болады» деген.
11 тамызда Ресей президенті Владимир Путин Ресей әлемде коронавирусқа қарсы алғашқы вакцинаны тіркеді деп мәлімдеді. Гамалея эпидемиология және микробиологияны зерттеу орталығы және Ресей қорғаныс министрлігінің 27-ші орталық ғылыми-зерттеу институты жасаған вакцинаны «Sputnik V» деп атаған.
Путин вакцинаның клиникалық зерттеулер кезінде тиімділігі мен қауіпсіздігі жоғары екенін және ауыр асқынуларға әкелмегенін айтып, вакцинаның алғашқы партиялары 2 аптадан кейін шығарылады, ал оның жаппай өндірісі жақын арада басталатынын жеткізген.