18 маусым күні Ресей Президенті Владимир Путин Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы (ПМЭФ) аясында дәстүрлі түрде әлемнің жетекші ақпарат агенттіктері басшыларымен кездесу өткізді.
«Россия ақпараттық телеграф агенттігі (ИТАР-ТАСС)» федералдық мемлекеттік унитарлық кәсіпорнының қолдауымен ұйымдастырылған бұл кездесу биыл тоғызыншы рет өтті және екі сағатқа жуық уақытқа созылды.
Кездесуге Reuters, Deutsche Press-Agentur, EFE, Синьхуа, Associated Press, Anadolu, France Press сынды әйгілі халықаралық медиа құрылымдар жетекшілерімен қатар, Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі – ӨзА бас директоры, сенатор Абдусаид Қучимов та қатысты.

Күткендей, шетелдік жетекші БАҚ өкілдерінің қатысуындағы бұл сұхбатта Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс, НАТО-ның қазіргі әрекеттері, Таяу Шығыстағы жанжал, әсіресе Иран мен Израиль арасындағы текетірес, АҚШ-тың әлемдік саясаттағы ықпалы сияқты маңызды тақырыптар талқыланды.
Атап айтқанда, ӨзА басшысы Путинге жолдаған сауалында соңғы кездері халықаралық қауымдастық арасында жиі талқыланып жүрген мәселе — Ресей үкіметі жүргізіп жатқан көші-қон саясатын жетілдіруге бағытталған шаралар нәтижесінде туындаған кейбір түсінбеушіліктерге назар аударды.
Ресей басшысы бұл сауалға жауап бере отырып, мигранттарға қатысты, әлеуметтік немесе еңбек нарығына байланысты кейбір мәселелер бар екенін жоққа шығармай, «Өзбекстан Президенті Шавкат Миромоновичпен бұл мәселеде бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатқанын, туындаған түйткілдер міндетті түрде шешілетінін» атап өтті.

Сондай-ақ, Абдусаид Қучимов Владимир Путинмен әңгіме барысында осы маңызды мәселе бойынша нақты ұсыныстар да білдірді. Атап айтқанда, екі ел жастарының тұрақты ортақ болашағын қалыптастыру үшін кең көлемді, ұзақ мерзімге арналған арнайы бағдарламалар әзірлеп, іске қосу қажеттігін айтты.
Өз кезегінде, Ресей Президенті бұл ұсынысты толық қолдайтынын айтып, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүріп жатқанын, мәселен, Ресейде жұмыс істеуді қалайтын жастар үшін арнайы дайындық жүйесін құру жоспарланғанын мәлімдеді. В.Путин осы тұста Өзбекстан Президентінің көмекшісі Саида Мирзиёеваның жақында Мәскеуге жасаған сапарына да тоқталып өтті.
Атап өтерлігі, аталған сапар аясында Ресей Үкіметі мен Президент Әкімшілігінің жауапты өкілдерімен кездесулер кезінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастар арасындағы байланыстарды дамытуға және осы бағытты белсенді ілгерілетуге айрықша көңіл бөлінген.
ӨзА