Иран президенті Масуд Пезешкиян мен Ресей президенті Владимир Путин кең ауқымды стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды.
Кремль таратқан хабарламаға сай, екі мемлекет арасындағы келісім «барлық салаларды, оның ішінде қорғаныс, терроризмге қарсы күрес, энергетика, қаржы, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мәдениет, ғылым мен технологияларды» қамтиды.
«Біз осы құжат бойынша көптен бері жұмыс істеп келдік, және оның аяқталғанына өте қуаныштымын. Оның маңыздылығы бізге өзара қарым-қатынасымыздың барлық дерлік салаларында қосымша серпін беру мүмкіндігін ұсынады», — дейді Ресей президенті.
Иранның Ресейдегі елшісі Қазым Жалолидің айтуынша, құжат 47 тармақтан тұрады. Құжаттың мәтіні ресми түрде жарияланбады.
Бұған дейін екі ел арасындағы қатынастар 2001 жылы қол қойылған құжатпен реттеліп келді. Әр бес жыл сайын ол автоматты түрде ұзартылып келген. Жаңа келісім бойынша жұмыстар 2022 жылдан бері жалғасып келе жатыр, өткен жылдың маусымында тараптар құжат мәтіні бойынша келісімге келгені хабарланған еді.
Айта кетейік, 17 қаңтар күні Иран президенті Масуд Пезешкиян ресми сапармен Ресейге барады. Путинмен кездесуде ол жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді талқылаған. Олардың ішінде Таяу Шығыстағы жағдайдың дамуы, соның ішінде Сирия мен Палестина—Израиль дауы, Кавказ өңіріндегі жағдай және Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелер де қаралған.