Испаниялық теннисші Рафаэль Надаль Малага қаласында өткен Дэвис кубогы турнирінде өнер көрсетіп, кәсіби мансабын аяқтады.
Соңғы матчында Надаль нидерландтық теннисші Ботик ван де Зандшулпқа (4:6, 4:6) есе жіберді. Бұл Дэвис кубогының жеке жарыстарында Надаль үшін 20 жыл ішіндегі алғашқы жеңілісі болды, себебі ол бұған дейін қатарынан 29 матчта жеңіске жеткен еді.
«Бұл менің соңғы ойыным болғаны, бір жағынан, дұрыс та болды. Мен Дэвис кубогындағы алғашқы матчымда жеңілдім және соңғы матчымда да жеңілдім. Осылайша, шеңберді жапамыз», – деді Надаль матчтан кейін.
Нидерланд құрамасы Испанияны 2:1 есебімен жеңген соң, Надальдың мансабы ресми түрде аяқталды.
Малагадағы стадионда теннисшінің құрметіне салтанатты рәсім өтті. Өз сөзінде Надаль отбасына және мансап жолында қолдау көрсеткен баршаға алғысын білдірді.
«Шын мәнінде, бұл сәтке ешкім жетуді қаламайды. Мен теннис ойнаудан шаршаған жоқпын, бірақ денем бұдан әрі ойнауға мүмкіндік бермейді, және мұны қабылдау керек», – деді ол.
38 жастағы Рафаэль Надаль – теннис әлеміндегі ең танымал тұлғалардың бірі. Ол тарихта «Алтын дуылға» иегері атанған алғашқы теннисші, яғни жеке және жұптық кездесулерде «Үлкен шлемнің» барлық турнирлерінде жеңіске жетіп, Олимпиада алтынын жеңіп алған.