Қытайдан Өзбекстанға жаңа мультимодальды бағыт бойынша контейнерлік пойыз жөнелтілді
4 шілдеде «Лангфан – Қашқар – Иркештом – Ош – Ташкент» жаңа мультимодальды бағыты бойынша контейнерлік блок пойыздарын жөнелту рәсімі өтті.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, алғашқы пойыз (құрылыс материалдары бар 41 вагон) Лангфаннан (Қытай) жолға шықты.
Бүкіл жолдың қашықтығы шамамен 6 мың шақырымды құрайды және жүктің жалпы салмағы 1000 тоннадан асады. Жол жүру уақыты шамамен 12 күн.
Айта кету керек, қазіргі уақытта бұл бағыт (құрлықтағы) Қытайдан Өзбекстанға жүк жеткізудің ең қысқа және жылдам жолы болып табылады.
Жаңа мультимодальды дәліз бойынша тасымалдаулар жөнелту пунктінен Қашқар (Қытай) теміржол вокзалына дейін теміржол арқылы жүзеге асырылады. Одан кейін жүк көлігіне тиеп, Ош (Қырғызстан) вокзалына жеткізіледі. Ош станциясынан Ташкентке дейін жүк пойызының құрамында теміржол арқылы жеткізіледі.