Қытай сыртқы істер министрі Өзбекстанға келеді
ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И биыл 19–22 қараша күндері Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға сапар жасайды. Ол аталған үш елдің сыртқы істер министрлерімен стратегиялық диалог өткізіп, сондай-ақ осы мемлекеттердің басшылығымен кездеседі.
– Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі Ван И Қырғызстан сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов және Тәжікстан сыртқы істер министрі Сирожиддин Мухриддиннің шақыруымен осы елдерге сапар жасайды, – деп хабарлады ҚХР СІМ өкілі Мао Нин.
Хабарда айтылуынша, келіссөздер барысында екіжақты әріптестікті нығайту, өңірлік ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы бірлескен күш-жігерді ілгерілету мәселелері талқыланады.