English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
«Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» темір жолының құрылысы басталады
10:54 / 2024-12-23

Аймақтық стратегиялық маңызға ие «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жолының құрылысы жыл соңына дейін басталады.

Кабар ақпарат агенттігінің хабарлауынша, көптен күткен бұл оқиға 27 желтоқсанға жоспарланған.

Тиісті инвестициялық келісімге Қырғыз Республикасының көлік және коммуникация министрі Абсаттар Сирғабоев пен «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жолдары компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлар кеңесінің төрағасы Чжун Шэнгуй қол қойды.

Қырғызстан Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары – су және ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі министрі Бақыт Торобаев бұл күнді үш ел үшін тарихи сәт деп бағалап, оның маңыздылығын атап өтті. Себебі ұзаққа созылған күрделі келіссөздерден кейін аймақтық және халықаралық маңызы бар ірі инфрақұрылымдық жоба ақыры жүзеге асыру кезеңіне жетті.

Құжаттарға қол қою рәсіміне Қытайдың Қырғыз Республикасындағы уақытша өкілі Ли Баоцзе және Өзбекстанның Бішкектегі Төтенше және Өкілетті елшісі Саидикром Ниёзходжаев бастаған делегациялар қатысты.

Жобаны жүзеге асыру үшін үш елдің бірлескен компаниясын құру жөнінде келісім жасалған. Компанияда Қытай 51 пайыз үлеске, ал Қырғызстан мен Өзбекстан 24,5 пайыздан үлеске ие болады.

Маусым айында тараптар тиісті келісімге ресми түрде қол қойып, қаржыландыру шарттарын бекіткен болатын. Жалпы құны 4 миллиард 665 миллион доллар деп бағаланған жоба үшін Жалал-Абад қаласынан 44,29 гектар жер бөлінген.

Бұл құрылыс нысаны 486 шақырымдық бір жолақты теміржолдан, 18 станциядан, жалпы ұзындығы 26 шақырым болатын 81 көпірден және ұзындығы 120 шақырымға созылатын 41 тоннельден тұрады. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 5 жылға созылмақ.