Жызақ облысында қуаттылығы 1000 МВт-қа дейін болған жел электр станцияларын салу мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында Өзбекстан Энергетика министрлігі мен Қытайдың «China Huadian Overseas Investments», «CNEEC» (Қытай ұлттық электр инженерлік компаниясы) және «SANY Renewable Energy» компаниялары арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Министрліктің хабарлауынша, бұл келісімге сәйкес, «China Huadian Overseas Investments» компаниясы жобаға инвестор ретінде, «CNEEC» бас мердігер ретінде, ал «SANY Renewable Energy» компаниясы жел турбиналарын жеткізуші ретінде қатысады.

Компаниялар станциа құру бойынша құрылыс алаңына барып, жақын күндері зерттеуге кіріседі. Сондай-ақ компаниялар Өзбекстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттары негізінде келісімдерге қол қою рәсімдері бойынша зерттеулер жүргізеді. Зерттеу нәтижелері бойынша тараптар жел электр станциясын салу бойынша негізгі келісімге қол қояды.
Айта кету керек, осы меморандум аясында Қытай компаниялары Өзбекстанда 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция құймақ.

«China Huadian Overseas Investments» компаниясы «China Huadian Co.» компаниясының еншілес ұйымы. «China Huadian Co.» бұл Қытайдағы ең ірі электр энергиясын өндіруші компаниялардың бірі және 190 ГВт қуатқа ие электр станцияларға иелік етеді.
«CNEEC» – мамандандырылған инженерлік қызметтердің мердігері ретінде жұмыс істейтін ірі электр жабдықтарын шығаратын компания.
«SANY Renewable Energy» Қытайдағы ең ірі жел турбинасы өндірушілерінің бірі болып табылады.