Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі, Халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы Лю Цзяньчао бастаған делегациямен кездесу өтті.
Мәртебелі меймандарды Өзбекстан Президентінің арнайы тапсырмалар жөніндегі кеңесшісі Сардор Умурзоқов қабылдап, екі ел басшылары арасындағы сенімді әрі достық қатынастардың нәтижесінде Өзбекстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық стратегиялық деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және кадр даярлау бағытында өзара тиімді әріптестікті кеңейту жайында пікір алмасты.

Өз кезегінде Лю Цзяньчао да екіжақты қарым-қатынастарда қол жеткізілген нәтижелерді жоғары бағалап, Қытай тарапы Өзбекстанмен барлық салада, соның ішінде мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Кездесуден кейін Академияның мәжіліс залында профессор-оқытушылар құрамы мен тыңдаушылардың қатысуымен арнайы басқосу ұйымдастырылып, онда Өзбекстан мен Қытай арасындағы қазіргі байланыс пен серіктестіктің келешегі жайлы кеңінен әңгіме қозғалды.