Қырғызстанда қызылша індетіне қарсы иммундау науқаны басталды
Қырғызстанда қызылша індетіне қарсы иммундау науқаны басталды. Бұл туралы Бішкекте өткен баспасөз мәслихатында Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау, медициналық және фармацевтикалық қызметтерді лицензиялау департаментінің басшысы Зинат Бейшебаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, дүйсенбі күнгі жағдай бойынша елде қызылшамен ауырғандар саны 2018 адамға жетті, ауырғандардың көбі балалар. «Қызылша мен қызамыққа қарсы қосымша иммундау науқаны вирустың таралуын болдырмайды», - деген ол.
Сондай-ақ З.Бейшебаева иммундау бойынша Ұлттық техникалық сарапшылар тобының ұсынысы бойынша 9 айдан 7 жасқа дейінгі балалар арасында қызамық-қызылшаға қарсы вакцина егу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
Бұл науқан қызылша вирусын азайту, індетті ауыздықтау және оның Қырғызстанда одан әрі таралуын болдырмау мақсатында жүргізілуде.
Вакцинаны барлық емдеу мекемелерінде және оқу орындарындағы уақытша егу пункттерінде тегін алуға болады.