Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 20 миллион доллар тұратын мүлкін заңдастырғанын мәлімдеді.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап: «Менің мүлкімнің құны шамамен 20 миллион долларды құрайды. Заңдастыру үшін мемлекетке миллион қырғыз сумы (≈11,2 мың доллар) төледім. Бұл заң бойынша талап етіледі. Менің шетелде депозитім жоқ. Бар болса, мен оларды біздің банктерге қояр едім», - деп жазды Жапаров.
Оның айтуынша, заңдастыру туралы заң 2023 жылы қабылданған. Бұл қырғыз байлары өз капиталын шетелде ұстамай, өз еліне әкелу үшін жасалған.
«Жасыратыны жоқ, бәріміз (қарапайым азаматтар емес, орта бизнес деңгейінен жоғары кәсіпкерлер) өз мүлкімізді біреудің атына рәсімдеп алғанбыз. Оған қоса, еліміздің ауқатты азаматтары әлі күнге дейін миллиардтаған ақшасын шетелдік банктерде сақтауда. Бізде мұндай байлар көп. «Неліктен байлығын шетелге жасырады?» деген сұрақтың жауабы қарапайым. Осы уақытқа дейін қыруар қаржының қайдан алынғаны мен осы қаражаттан төленетін салық көлеміне қатысты көптеген сұрақтар туындаған. Енді мұндай мәселе туындамас үшін бұл активтерді заңдастыруға мүмкіндік жасап жатырмыз», – деп түсіндірген Жапаров.
Ол бұл мүмкіндікті 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін ғана пайдалануға болатынын мәлімдеп, мемлекет заңдастырылған капиталдың сақталуына 100 пайыз кепілдік беретінін жеткізген.