Соңғы жылдары ұлттық кинематографияның дамуына айрықша мән беріліп, өзбек кино өнерінің көкжиегі кеңейе түсті. Соның нәтижесінде өзбек кинематографистері халықаралық деңгейдегі беделді фестивальдерге белсене қатысып келеді.
1–4 қазан аралығында Қазақстанның Ақтау қаласында өтіп жатқан «Қорқыт ата» V Халықаралық кинофестиваліне де бір топ өзбек кино шеберлері арнайы шақырылып, шығармаларын ұсынуда. Фестиваль бағдарламасы аясында «Өзбекстан киносы күндері» ұйымдастырылып, көрермендерге жаңа туындылар ұсынылмақ.

Салтанатты ашылу рәсімінде Өзбекстан Кинематография агенттігінің директоры Шухрат Ризаев бастаған бір топ актерлер мен режиссерлер, өзбек киносының танымал тұлғалары бой көрсетті.
Биылғы фестивальде өзбек режиссерлерінің бірнеше еңбегі басты жүлделерге үміткер атанып отыр. Атап айтқанда, Аюб Шахобиддиновтың «Көктемді қуып», Нусрат Хусановтың «Шамсиқамар», Дониёр Шокировтың «Жәдид мағрифаты», сондай-ақ Саидаълохон Масъудхоновтың «Вали Ғафуров – инемен жазылған роман» атты картиналары халықаралық қазылар алқасының назарын аударды.
Айта кету керек, биылғы «Қорқыт ата» кинофестиваліне 10-ға жуық елден 50-ден астам фильм ұсынылып, байқау бағдарламасы бұрынғыдан да ауқымды бола түсті.