Ағымдағы жыл 26 сәуірде Қазақстанда халықты QazVac вакцинасымен вакцинациялау басталады.
Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында өндірілген QazVac (QazCovid-in) қазақстандық вакцинасының бірінші партиясын жөнелтуге қатысты және Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский кентіндегі биофармацевтикалық зауыттың құрылысы барысымен танысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Қазақстандық вакцинаның жасалуы біздің еліміздің коронавирус инфекциясына қарсы өз вакциналарын әзірлеген әлемнің бес елінің қатарына енуіне мүмкіндік берді. Бұл тек халықтың денсаулығына ғана қатысты мәселе емес, сондай-ақ отандық ғылымның әлеуеті мен биофармацевтикада заманауи технологияларды іс жүзінде қолданудың, мемлекеттің беделдің дәлелі», - деген Ералы Тоғжанов.
Қазақстандық вакцинаны жасау бойынша өткен жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берген болатын.
QazVac вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіліміне енгізілген. Оның толық қауіпсіздігі дәлелденді, вакцина коронавирус инфекцияысна қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастырады. Белсенділігі жойылған вакцинаның артықшылығы, ол вакцинамен байланысты ауруларды тудырмайды. Бұдан басқа, QazVac вакцинасын жеткізу әдістері күрделі тоңазытқыш қондырғыларын талап етпейді, олар тоңазытқышта плюс 2-8 градус температурада тасымалданады.
QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы «СК-Фармацияның» хабтарына таратылып, одан әрі елдің барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізілетін болады. Мамыр айында 50 мың доза көлеміндегі вакцинаның кезекті партиясын шығару жоспарлануда. Бұдан әрі вакцина өндірісі кезең-кезеңмен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылатын болады, делінген хабарда.