Өзбекстан тәуелсіздігінің 33 жылдығы қарсаңында бауырлас Қазақстандағы «Фолиант» баспасынан өзбек тіліндегі кітаптар жарық көрді.
Балаларға арналған «Уч айиқ» («Үш аю»), «Фил ва маймун» («Піл мен маймыл»), «Йўлбарс ва сичқон» («Жолбарыс пен тышқан»), «Бола ва қалдирғоч» («Бала мен қарлығаш»), «Чумчуқ ва сичқон» («Шымшық пен тышқан») ертегі жинақтарына қазақ халық ертегілері енгізілген.
Бұл ертегілерді қазақ тілінен өзбекстандық жазушы Мухаббат Йулдошева өзбек тіліне аударған.
— «0+» белгісімен шыққан түрлі-түсті, суреттерге толы, жоғары сапалы қағазға басылған бұл кітаптарымыз ең кішкентай ертегіқұмар балаларымызға жақсы сыйлық болады деп ойлаймын, — деді Мухаббат Йулдошева.
Орталық Азиядағы ең ірі баспалардың бірі саналатын «Фолиант» баспасы 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр.
«Фолиант» баспасы осы уақытқа дейін қазақ және орыс тілдерінде балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі жанрдағы көптеген көркем шығармаларды, суретті ғылыми-танымдық кітаптар мен оқулықтарды шығарған.
Сонымен қатар, «Фолиант» Еуропа және Азия елдерінің баспагерлері, кітап саудасы, ғылыми-білім беру және баспа компанияларын біріктіретін Еуразиялық халықаралық кітап көрмесі — "Eurasian Book Fair" ұйымдастырушысы ретінде де қызмет атқарады.