Бүгіннен бастап Қазақстанда вейп, оған арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтық әкелуге, сатуға және таратуға тыйым салынды.
KAZINFORM дерегінше, бұл шектеу хиттер немесе темекі қыздыру жүйесіне (IQOS, GLO, PLOOM, iFuse) қатысты емес. Тыйымның негізгі себебі — өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, елде 11 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 10% тұрақты түрде вейп тартады.
Қазақстан балалар қоры жүргізген зерттеу көрсеткендей, алматылық 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастардың 80,5 пайызы, астаналық осындай жасөспірімдердің 83,3 пайызы апта сайын вейп сатып алады. Бұл аталған жаман әдеттің жастар арасында өте танымал екенін көрсетеді.
Қоғамдық саясат институтының әлеуметтік зерттеуінше, әрбір төртінші қазақстандық электронды темекі, вейп пен синтетикалық есірткі қолданудың артқанына алаңдайды. Талдау бұл мәселеге қатысты алаңдаушылықтың артқанын көрсетті: 2023 жылы қарашада 15,6%-дан 2024 жылғы мамырда 23,7%-ға дейін өскен.