Жексенбі - 5 маусым күні Қазақстан азаматтары Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларға қатысты тағдыршешті шешім қабылдайды.
«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық Заңның 7-бабы 4-тармағына сәйкес референдум қарсаңындағы күн мен референдум өтетін күні кез келген үгіт жүргізуге тыйым салынады. Демек, 4 және 5 маусымда бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде интернетте референдум бойынша үгіт жүргізуге болмайды.
Сондықтан 4 маусым жергілікті уақыт бойынша сағат 00-00-ден бастап республикалық референдумға қатысты үгіт жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Яғни, тыныштық күні.
Сондай-ақ, референдумды өткізу күні, шарттары, дауыс беру тәртібі, оның ішінде жарнамалық баннерлер, референдумға дейінгі күндерді кері санау және басқа да туралы түсіндірме сипаттағы бұрын жарияланған ақпараттық материалдар интернет-ресурстар мен телеарналарда олардың бастапқы орындарында сақталуына жол беріледі.
Үгітке тыйым салынған кезеңде бұл іс-шаралар жүргізілген жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 102-бабы бойынша жауапкершілік ескерілген.