Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті мен жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтуде.
Конституциялық мерзімге сай өтіп жатқан сайлауда ОСК тарапынан бекітілген бес саяси партиядан 312 кандидат (90 әйел және 222 ер адам) ұсынылған.
• «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 19 үміткер;
• «Nur Otan» партиясы - 126 үміткер;
• «ADAL» саяси партиясы-16 үміткер;
• «Ақ жол» демократиялық партиясы - 38 үміткер;
• «Қазақстан Халық партиясы» - 113 үміткер.
Кезекті Депутаттарды сайлау бойынша дауыс беру Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерде құрылған 10 060 сайлау учаскесінде жүргізіліп отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанда сайлауға дауыс беру процесі қызу өтіп жатқан болып, оған Қазақ елінің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта Нұр-Сұлтан қаласындағы Оқушылар сарайында орналасқан №58, сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдеріне сұқбат беріп, «15 қаңтарда Парламентте сөз сөйлеп, оның ішінде Мәжілістің жаңа құрамына да үндеу жасаймын. Одан кейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы өтіп, онда реформалар мәселесіне қатысты өте байыпты әңгіме болады», деген.
ҚР Парламенті мен жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауына байланысты Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің Бас ғимаратында осы елде болып тұрған Қазақстан азаматтары үшін №267 сайлау учаскесі таңғы сағат 07:00-ден өз жұмысын бастады. Дауыс беру уақыты кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.
Сайлауға Өзбекстандағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Д.А. Сатыбалды дауыс берді.
