Қазақстан басшысы елде мемлекеттік лауазым иелеріне құмар ойындарына бәс тігуге тыйым салынатын заңға қол қойды.
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі.
«Құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар (атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер банкі) қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылған.