Қазақстанда медицина мамандарының жасанды зейінмен жұмыс істеуін реттейтін кәсіби стандарт енгізілуі мүмкін.
Kazinform агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев «HR және цифрлық технологиялар гармониясы: үздік командаларға арналған инновациялар» атты конференцияда мәлім етті.
«Бүгінгі таңда медицина мамандарына жасанды зейін құралдарын, цифрлық технологияларды жұмысында пайдалана білу керек. Жасанды зейін дәл осы денсаулық сақтау саласында үлкен серпін туындатып жатыр. Бұл медицина қызметшілерінің жаңа буынын қалыптастырудағы басым бағытқа айналып отыр. Қазір медициналық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер кәсіби білікпен қатар жасанды зейіннің құралдарын меңгеріп, цифрлық технологияларды біліп шығуы керек», - деген вице-министр.
Оның сөзінше, жаңа технологиялар мен трендтердің пайда болуы медицина мамандарын дайындау ісін де өзгеріске ұшыратып жатыр. Соның әсерінен медицинамен жапсарлас салаларды қамтитын аралас мамандықтар пайда болып жатыр.
«Өздеріңіз білесіздер, IT медицинадағы оқу бағдарламасы техникалық университеттермен қанаттасып жұмыс істеуге бағытталған. Яғни медицина студенттері техникалық оқу орындарында қатар білім алып жүр. Ол студенттер қазіргі заман талаптарына төтеп беріп жұмыс істей алады. Бұған дейін мемлекеттік қызметке компьютермен жұмыс істей алатын адамдарды ғана қабылдайтын тәжрибе болған. Ал қазір медицина саласының қызметкерлерін тек компьютер қолдануды білгені үшін ғана емес, медициналық ақпарат жүйелерін, жасанды зейінді қолдана алғаны үшін қабылдайды. Сондықтан осы салада кәсіби стандарт дайындайтын кез келді. Оның ішінде ІТ медицинада да», - деген Бейбіт Есенбаев.