Қазақстанда коронавирустың жаңа Омикрон BQ.1.1 (Цербер) штаммы анықталды.
«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы ел Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында мәлімдеген.
Хабарда айтылуынша, республикада қарашада қазан айымен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,6 есе өскен (аптасына 453-тен 725 жағдайға дейін). Өңірлер бөлінісінде соңғы айда елдің 3 өңірінде – Алматы, Астана және Қарағанды облысында аурушаңдықтың апта сайын 2,2 есеге дейін өсуі байқалған.
Сондай-ақ 5 өңірде (Ақмола, Атырау, Жамбыл, Ұлытау облыстары, Шымкент) соңғы аптадан бастап сырқаттану аптасына 3,5 есеге дейін біртіндеп өсіп келеді.
Бұл ретте елдің Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова: COVID-19-ға тестілеу саны азайды, себебі ауру жеңілдей бастады, көбі медициналық көмекке жүгінбейтінін мәлімдеген.
Соңғы секвенирлеу қорытындысы бойынша республикада Омикрон BQ.1.1 (Цербер) штаммы нұсқасының 0,5% айналымы анықталды, 99,5% – Омикрон штамының басқа нұсқалары, делінген хабарламада.