Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация басталды
Бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды.
«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады және одан бас тартқандар жауапкершілікке тартылмайды.
Еріктілерге ресейлік Sputnik V вакцинасы егіледі. Бұл тұрғыдан агенттіктің хабарлауынша бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы №6 емханада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцина салдырған.

Елдегі вакцинация процесі үш кезеңде жүргізіледі.
- 1 ақпанда басталатын алғашқы кезеңде инфекциялық аурухана, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қабылдау бөлмелері, санэпидқызметтің медицина қызметкерлері вакцинациялана алады.
- 1 наурызда басталатын екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, ЖОО-дың, педагогтер, медициналық қызмет қызметкерлері.
- 1 сәуірден бастап үшінші кезеңде: мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтары, студенттер және созылмалы аурулары бар адамдар вакцина қабылдайтын болады.
2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакциналау процесіне отандық – QazCovid-In препаратын қосу жоспарланған.