Қазақстанда Үкімет таратылып, қала мен облыста төтенше жағдай енгізілді
Қазақстан Республикасының Презденті Қасым-Жомарт Тоқаев ел Үкіметін тарату және Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы қаулыға қол қойды.
Ақорда сайтындағы хабарламаға сай, Қазақ елінің басшысы Қазақстан Республикасы Конституциясының 70-бабына сәйкес 2022 жылдың 05 қаңтары күні қаулы қабылдаған.
Онда:
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын.
- Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі міндеттерін уақытша атқару Әлихан Асханұлы Смайыловқа жүктелсін.
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері Үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра берсін.
- Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұдан бөлек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойған.
Азаматтардың қауіпсіздігін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 2022 жылғы 5 қаңтардағы сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтардың сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды, делінген хабарламада.