English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Қазақстанда көлік нөмірінің цифры мен әріптерін таңдау қызметі енгізілмек
10:08 / 2023-07-03

Қазақстанда көлік нөмірінің цифрлары мен әріптерін таңдауға мүмкіндік беретін қызмет түрі енгізілуі мүмкін.

«ҚазАқпарат» хабарынша, бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазған.

«Алматыда Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Ішкі істер министрлігімен бірлесе жоғары сұранысқа ие автокөлік нөмірлерін сату қызметін енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар мұндай мемлекеттік нөмірлерге электронды үкімет порталы және eGov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы тапсырыс бере алады. Өткен жылы отандастарымыз шамамен 6 млрд теңгеге VIP-нөмірлерді сатып алған. Биылғы жылы 3 млрд теңгеге 8 мыңнан астам нөмір берілген. Маған басқа да арналар арқылы қажетті нөмірлерге тапсырыс беруге болатындығы туралы ақпарат келіп жатады. Бұл жағдаймен барынша таныспын. Сондықтан біз мемлекеттік нөмірлерді таңдауға бағытталған қызметті енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз», - деген Б.Мусин.

Министрдің айтуынша, көлікке нөмірді таңдау қызметі арқасында әріп белгілерін де өз бетінше белгілеуге мүмкіндік болады.

«Мұндай функцияның көмегімен клиент кез келген әріптік нөмір белгілерін таңдай алады. Мысал ретінде алсам, сатып алушы өз есімінің алғашқы үш әрпін енгізу арқылы қалаған нөміріне қол жеткізе алады. Бұл қызмет түріне бізде үлкен сұраныс бар.

Бүгінгі таңда мұндай қызметті жүзеге асыру үшін жоғары сұранысқа ие нөмірлердің тізбесін ұлғайтуды заңнамалық түрде бекітуіміз қажет.

Осы орайда, біз Парламенттен қолдау табамыз деген үміттеміз. Себебі, осындай нөмірлерді сату арқылы бюджетке қосымша қаражат түсіретін едік», - деген ведомство басшысы.