Қазақстанда бензинді сыртқа шығаруға және алма жемісін автокөлікпен әкелуге тыйым салынды
Бұл туралы Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен Сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысында айтылған.
«Ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуді назарға ала отырып, талқылау қорытындысы бойынша Қазақстан аумағынан бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салуды ұзарту туралы шешім қабылданды», делінген хабарламада.
Сондай-ақ Қазақстан аумағына алма әкелуге тыйым салу мәселесі қаралып, елдегі алма бақтарында жеміс өнімі жақсы болғаны, ол ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ететіні айтылған.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биылғы жылы алманың жалпы жиналуы 300 мың тонна деңгейінде болжануда. Жеміс-жидек өндірісінің мұндай көлеміне өткен жылдары бағбандық өсіру үшін көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қол жеткізілді. 2024 жылы алма бақтарының толық жеміс беруі және өнімділікті 18 пайызға арттыру күтілуде, бұл ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етеді. Талқылау қорытындысы бойынша жыл соңына дейін Қазақстан аумағына үшінші елдерден автомобиль көлігімен алма әкелуге уақытша тыйым салу туралы шешім қабылданды», делінген ведомстводан.