Қазақстанның 14 өңірінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі артқан.
«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтқан.
«Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқынын сақталып отыр. Өндіріс көлемі 1,6%-ке өсті. Оң өсім 14 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсім Қызылорда, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалды», - деген Т. Жақсылықов Үкіметтің отырысында.
Өңдеу өнеркәсібі салалары ішінде машина жасау өндірісі 12,1%-ке, оның ішінде автомобиль жасау – 27,5%-ке, компьютерлер мен жабдықтар жасау – 29,6%-ке артқан.
Сондай-ақ өсім мына салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 9,8%, мұнай өңдеу өнімдері – 11,1%, химия өнеркәсібі – 10,6%, сусындар өндірісі – 33,2%, фармацевтика өндірісі – 51%, жеңіл өнеркәсіп – 11,3%.
«Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 1,2%-ке ұлғайып, соңғы 4 айдан бері алғаш рет оң өсімді көрсетті. Бұл ретте көмір өндіруді қоспағанда, барлық көрсеткіштер бойынша өндіріс көрсеткіші артқан. Атап айтқанда, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру 7,6%-ке, металл кендерін өндіру – 3,7%-ке, мұнай өндіру – 1%-ке, газ өндіру – 0,1%-ке, тау-кен өнеркәсібіндегі қызмет көрсету – 0,2%-ке ұлғайды», - деген Тимур Жақсылықов.