Бүгін - 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздік алғанына 33 жыл толды.
1991 жылы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойылды. Қазақстанның Мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Тәуелсіздік арқасында Қазақстан егемен ел ретінде өз бетінше ішкі-сыртқы саясатын жүргізетін, өз аумағында билікті толық иеленген тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет мәртебесіне ие болды.
Сол күннен бастап Қазақ елі осы күнді ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі ең жоғары мереке ретінде тойлайтын болғандықтан күнтізбеде атаулы күн демалыс болып, елдің түкпір-түкпірінде әр түрлі көңіл көтеретін мерекелік шаралар өтіп, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.
Тәуелсіздік күніне орай Қазақ елінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын құттықтады.
«Бұл – халқымыздың азаттық туралы арманы ақиқатқа айналып, елдік дәстүрлеріміз жаңғырған күн. Осы мерейлі мерекеде бәріміз бабалар аманатына әрдайым адал болудың және ұлт болашағына зор жауапкершілікпен қараудың мән-маңызын терең түсінеміз. Себебі тәу етер Тәуелсіздігіміз – баршаға ортақ құндылық әрі барлық игілігіміздің бастауында тұрған баға жетпес байлық. Тәуелсіздігімізден биік еш нәрсе жоқ. Оны көздің қарашығындай қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы.
Бүгінде Қазақстан халықаралық деңгейдегі абырой-беделі жоғары, стратегиялық бағдары айқын мемлекет ретінде болашаққа нық сеніммен қадам басып келеді. Халқымыз бұған еселі еңбек пен ырысты ынтымақтың арқасында қол жеткізді. Біз осы берекелі бірлігімізді, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтай отырып, қиындықтың бәрінен сүрінбей өтеміз. Тәуелсіз еліміз өркениетті, озық мемлекет ретінде дами береді», делінген құттықтауда.