Астана қаласында Түркітілдес мемлекеттердің сауда-өнеркәсіп палаталары одағының ІІІ жалпы отырысы басталды.
KAZINFORM хабарына сәйкес, бұл басқосу Түркі әлеміндегі экономикалық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаң және 2026 жылғы одаққа төрағалық Әзербайжан елінен Қазақстанға берілді.
2019 жылы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы елдер арасындағы сауда-экономикалық, өндірістік, инвестициялық, технологиялық ынтымақтастықты дамыту үшін түркі мемлекеттерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағы құрылған еді. Қазіргі уақытта одақ құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан және бақылаушы мемлекет ретінде Мажарстан кіреді.
Белгіленген тәртіпке сәйкес, одаққа төрағалық жыл сайын ротациялық негізде Бас ассамблея шешімімен бекітіледі. 2026 жылы төрағалық Қазақстан Республикасына берілді және бір жылға Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының президенті болып «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа төрағасы Райымбек Баталов тағайындалды.
– Бүгінде түркі экономикалық кеңістігі 180 миллионнан астам халықты қамтиды және айтарлықтай өндірістік, ресурстық әрі адами ресурсқа әлеуетке ие. Сонымен бірге, ішкі өңірлік сауданың үлесі әлі де жалпы тауар айналымының 10 пайызынан аспайды. Бұл алдағы өсім үшін үлкен мүмкіндік береді, - деген Райымбек Баталов.

Отырысқа қатысушылар алдағы кезеңге арналған негізгі ынтымақтастық бағыттарын да талқылап, ондағы басым бағыттардың қатарына өнеркәсіптік кооперацияны және бірлескен жобаларды дамыту, Түркі инвестициялық қоры құралдарын тиімді пайдалану, сауда-техникалық кедергілерді азайту, сондай-ақ халықаралық бағыттар мен көлік дәліздерін дамыту арқылы көліктік-логистикалық өзара байланыстылықты күшейтуді қарастырған, -делінген хабарламада.