Қарағанды фармацевтикалық кешені (ҚФК) Қазақстан Республикасының аумағында «Гам-КОВИД-Вак» («Спутник – V») коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаны тіркеу рәсімін аяқтағанын хабарлады.
Кәсіпорынның баспасөз қызметі мәліметінше, 2021 жыл 13 ақпанда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Сараптама ұйымының, тіркеу дерекнамасының материалдарын қарау нәтижесі бойынша вакцинаның қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі туралы қорытындысы алынған. Аталған қорытынды негізінде ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне тіркеу куәлігін алуға өтінім жолданған.
Осылайша, Қазақстан «Спутник-V» вакцинасын қолдануды мақұлдаған 27-мемлекет болды. Бүгінгі күні вакцина Ресей, Беларусь, Аргентина, Боливия, Сербия, Алжир, Палестина, Венесуэла, Парагвай, Түркменстан, Венгрия, БАӘ, Иран, Гвинея Республикасы, Тунис, Армения, Мексика, Никарагуа, Серб Республикасы (Босния және Герцеговина энтитеті), Ливан, Мьянма, Пәкістан, Моңғолия және Бахрейн сияқты мемлекеттерде тіркелген.
Алдын ала есептеулер бойынша, биылғы жылдың ақпан айының соңында Қазақстанның барлық өңірлеріне ҚФК өндірген «Спутник - V» вакцинасының 90 мыңға жуық дозасын жеткізу жоспарлануда.