Қазақстан Сенат Төрағасы коронавируске шалдыққанын мәлім етті
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді.
«Барынша сақтанып жүргеніме қарамастан, соңғы сынама нәтижесінде коронавирус індетін жұқтырғаным анықталып отыр. Бірақ бойымда аурудың ешқандай белгілері жоқ. Әйтсе де оқшауланып, мамандардың барлық талаптарын қатаң сақтаудамын. Соған байланысты жұмысты да қашықтан жалғастырамын.
Өкінішке қарай, пандемияның екпіні әлі бәсеңдеген жоқ. Сондықтан арқаны кеңге салып, сақтық шараларына бейжай қарауға болмайды. Бұл, ең алдымен, өзіміз және туған-туыстарымыз үшін аса маңызды. Ендеше індеттің алдын алуға баса мән берейік», - деп жазған Сенат спикері Facebook парақшасында.
Coronavirus2020.kz сайтындағы ресми мәліметке сай, Қазақстанда жалпы індет жұқтырғандар саны 311 400-ге жетіп, 265 940 азамат аурудан сауыққан. Бүгінге дейін 3599 өлім тіркелген.